1 маусым балаларды қорғау күні қарсаңында 23 мамыр күні «Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени қорық ұжымының ұйымдастырумен «Бар жақсылық балаларға» атты қайырымдылық шарасын өткізді.

1 маусым балаларды қорғау күні қарсаңында 23 мамыр күні «Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени қорық ұжымының ұйымдастырумен «Бар жақсылық балаларға» атты қайырымдылық шарасын өткізді. Аталған шараға Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері арнайы шақырылған болатын. Тарихи – мәдени орындар мен ескерткіштерге саяхат жасаумен басталған шара барысында алғашқы рет «Сақ» киностудиясында түсірілген «Ордабасы – бірлік туы» анимациялық фильмі көрсетілді. Жеке және топтық спорттық ойындар ойнатылып жеңімпаздарды анықтаған бұл шара тартысты әрі қызықты өткізіліп балаларға ерекше көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар балалар түрлі тақырыпта ән айтып би билеп өз өнерлерін көрсетті. Ұлттық болмысымызды көрсетіп балаларға патриоттық тәрбие беру мақсатында жаппай қара жорға биі билетіліп, шараның одан әрі қызықты өтуіне өз септігін тигізді. Өз кезегінде балалар арнайы жайылған дастарханнан дәм татып,сусындады. Шара соңында балаларға «Ордабасы» қорық атынан «Жас саяхатшы» сертификаты беріліп, балалар қорық ұжымына өздерінің ыстық ықыластарын білдірді. Шараны қорытындылай келе дана халқымыз «Адамның бақыты — балада» деп айтқандай балаларымыз еш қашан жабырқамай жетімдікті көрмей бақытты өмір сүрсін деп тілек білдірдік.